Қазақстандағы қаржы нарығының негізгі ойыншылары Ұлттық банкке хат жазып, БЖЗҚ-ның есебінен қаржы өтімділігін қамтамасыз ету үшін қаражат сұрап отыр. Freedom Finance бастамасымен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы төрағасының атына үндеу  жолдап, оған «Сентрас Секьюритиз», «BCC Invest» және  «Евразийский Капитал» инвестициялық компаниялары қолдап қол қойған. KASE Қазақстан қор биржасының белсенді ойыншылары саналатын бұл «төрттік»-тің арасында соңғы екеуі елдегі ірі банктердің еншілес мекемелері. Олар БанкЦентКредит пен  Еуразиялық банктің бағалы қағаздар нарығындағы өкілдері.  

Фото. Скриншот. Хат. 

«Біз төмендегі қаржы нарығына қатысушылар теңгелік өтімділік дағдарысына жол бермес үшін және ішкі нарықтағы капиталдың тарылып кетпеуін қамтамасыз етуді сұраймыз. COVID-19 пандемиясы мен әлемдік қаржы нарығындағы жағдайларды ескеріп, тиісті шаралар қолданылуы керек. Қазір нарықта теңгеге деген сұраныс жоғары, әсіресе KASE қор биржасында операцияларға ұлттық валютаның жетіспеушілігі байқалып отыр. Бұл қор нарығындағы сауда саттыққа кері әсерін тигізіп, үлкен көлемдегі келісім-шарттардың жасалуына кедергі. Осыған байланысты Ұлттық банктен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» активтерін басқарушы ретінде REPO- KZ – 007,  REPO- KZ – 014, REPO- KZ – 028, REPO-BSP – 007,  REPO-BSP – 014,    REPO-BSP – 028 қаржылық инструменттері үшін  теңгелік өтімділікті қамтамасыз етуді сұраймыз»,- делінген

Freedom Finance компаниясының басқарушы директоры Ерқанат Әбени БЖЗҚ қаражаты есебінен көмек алуға өтініш жазылғанын растады. Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұқбатында қаржыгер қордың салымшыларына зиян тимейтінін, зейнетақы қоры үшін тиімді пайыздық мөлшерлемемен қаржы алуға ниетті екендерін жасырмады.

«Елдің тарихында теңге өтімділігінің дағдарысына ұшыраған кезең болды. Ол қателеспесем, 2015-2016 жылдар  еді. Нарықта қаржы өтімділігі жетіспеді, біз Ұлттық банкке сол кездегідей қиналып қалмас үшін хат жаздық. Қазір жасыратыны жоқ бүкіл әлемде дағдарыс жағдайы қалыптасқан. БЖЗҚ-ынан  4-5 пайыз мөлшерінде Ұлттық банк кепілдігімен қаражат алу ешкімге зиянын тигізбейді деп ойлаймын. Ал оның салымшыларына бұдан келіп-кетер зиян жоқ. Біз осы кезге дейін екінші деңгейлі банктерден қарыз алсақ, оны жылдық мөлшерлемесін 360 процентпен кері қайтарып отырдық. Бұл өте көп сома», — дейді Е. Әбени.

БЖЗҚ-ға қатысты жаңалықтарға елеңдеп отыратын экономист Айдар Әлібаев бұл жаңалықтың жағымсыз екенін айтады. Зейнетақы қорына енді қор биржасы  қатысушыларының ауыз салуы шектен шығу деп санайды. Осы күнге дейін квазимемлекеттік компаниялардың бағалы қағазында жатып, инвестициялық табысы еселенбеген зейнетақы қорының активтерін қор биржасына салу пайда әкеледі дегенге сенбейді. 

«Мен екі сөзбен айтар болсам, квазимемлекеттік компаниялардан халыққа келіп-кетер пайда жоқ. Олардың атауында мемлекеттік деген жалғауы болғанымен, өздеріне өздері жұмыс істейтін жеке коммерциялық құрылымдардан айырмашылығы жоқ. Бірақ мемлекеттің үлесі болғанымен, тиімді жұмыс жасап жатпағанын уақыт дәлелдеді.  Сол сияқты, қор нарығына қатысушылар да мемлекетке алақандарын жайып отыр. Маған салса, ақша бермеу керек деп ойлаймын. Бірақ олар Ұлттық банкке бағалы қағаздарды сатып алуға ақшалай көмек берсін деп отыр. Ұлттық банк БЖЗҚ-ның ақшасын реттеуші. Сондықтан соңғы сөзді Ұлттық банк айтады. Оларда жауап екеу ғана: иә немесе жоқ. Әрине мұндай операциялардан халыққа келіп-кетер пайда жоқ. Себебі, ол жерден түскен табысқа жол, мектеп немесе әлеуметтік нысандар салынбайды. Бұл  қаржы нарығындағы ақшаны ары-бері сапыру», — дейді  экономист.

GSB UIB директорының орынбасары, экономист  Мақсат Халық Ұлттық банк базалық ставканың мөлшерлемесін төмендету арқылы теңгенің өтімділігін қамтамасыз ететін қадамдарға онсыз да барды. Қазір оның мөлшері 9,5% +-2%. Сондықтан қор биржасындағы ойыншылардың нақты нені талап етіп отырғаны түсініксіз екенін айтты.

«Бұл хатпен мен  танысып шықтым, бірақ көп нәрсе ашық жазылмаған. Алайда қор биржасының қатысушылары шетелдік институционалдық инвесторлардан айырылып қалып жатырмыз дегенді айтып отыр. Оған себеп наурыз айында теңге қатты құнсызданды, мұнай нарығында да сұраныс күрт төмендеді. Осыған байланысты шетелдік инвесторлар Ұлттық банктің ноталарына салған ақшаларын алып кетті. Осындай қауіп бізге де төніп тұр. Егер бас қаржы реттеушісі теңгелік өтімділікті қамтамасыз етпесе, бізге де осындай қатер төніп тұр деген сарында мәселе қойып отырғанын байқадым», — деді экономист.

Ал қаржыгер Жарас Ахметов елде теңгенің өтімділігі бойынша проблема барлық салада қалыптасып отыр деп есептейді. Банктер өз  облигацияларын түрлі инструменттерге салып, РЕПО  (бағалы қағаздарды кепілге қойып, қысқа мерзімге ақшалай қарыз алу- авт.) келісімшарттары арқылы қаржылық өтімділікті ұстап отыра алады.

«Ал Freedom бастаған компаниялардың осылай хат жазуына қарағанда, олардың акцияларына сұраныс төмендеп, өтпей жатыр. Мұны қор биржасындағы ойыншылар теңгелік өтімділік төмендегеннен көріп отыр. Ал мұндай кезде көмекке келетін кім? Әрине, Ұлттық банк. Бұл біздің елдегі классикалық жағдай. Алып-қосарым жоқ», — деді  Ж. Ахметов.

Айта кетейік, бізге хабарласқан дереккөздің мәліметінше, Мәдина Әбілқасымова басқаратын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жоғарыдағы хат бойынша оң шешім қабылдаған. Яғни, брокер компанияларға зейнетақы қорынан ақша бөлуді құптаған. Дегенмен, соңғы шешім Ұлттық банктің еншісінде.

Источник